
Жарқ етіп, сөнген жұлдыз

«Кеңестік дәуірдің қай кезеңінде болсын халқымыз басынан талай-талай қуғын-сүргінді өткізді. Солардың ең қасіреттісі елдің тіршілік көзі – малын сыпырып алып, жаңа қоғамға сай ұжымшар құру кезеңі. Нәтижесінде халқымыз жаппай ашаршылыққа ұшырап, жартысынан жуығының опат болуы. Мұндай адам төзгісіз жағдайларға ара түскен ұлт зиялыларын, тіпті сауаттыларын коммунистік репрессия қынадай қырды. Осындай сұмдықтарды қаршадайынан көзімен көріп, басынан өткізген, өсе келе тек халқымның жыртығына жамау болсам деген, ғылымның әр саласының көкжиегінде бір қолдың саусағына сиярлық шолпандай жарқыраған азаматтарымыз шықты.
Солардың бірегейі Кәрім Мыңбаев ағамыз. Халқымыздың қайнар бұлағы ауылда өскен жас бала ел ахуалының малдың өнімділігіне, жердің құнарлығына тікелей байланысты екенін ерте түсінген сияқты..», - деп бастайды Кәрім Мыңбаевқа арнаған «Кәрім аға» атты мақаласында З. Ысқақов.
Шынында еліміздің біртуар азаматы, аграршы–ғалым, жерлесіміз Кәрім Мыңбаев еліміз үшін ең бір қиын, сындарлы жылдарда еліміздің экономикасы мен ауыл шаруашылығын көтеру мақсатында аянбастан жауапты қызметтер атқарды.
Кәрім Мыңбаев 1906 жылдың 15 тамызында Қарағанды облысы Нұра ауданының Ивановка (қазіргі К. Мыңбаев атындағы) ауылында туған. Кәрім ағасы Тұрысбектің қолында тәрбиеленеді. Ақмола қаласындағы орыс-қырғыз приход мектебін бітргеннен кейін Ташкенттегі мақта-ирригация политехникалық институтына түседі. Отызыншы жылдарда К. Мыңбаев Ленинградтағы Бүкілодақтық өсімдік шаруашылығын ғылыми зерттеу институтының аспиранты болады. «Основные пути улучшения кок-сагыза» атты диссертациясын қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты дәрежесіне қол жеткізеді. Жас ғалым Ленинградта қалады, мұнда оған каучук бөлімінің меңгерушісі және өз зерттеулерін докторантурада жалғастыру қызметтер ұсынылады.
Кәрімнің ғылыми еңбегі соғыстың басталуымен тоқтатылады. 1941 жылды 6 шілдесінде ол Ленинградтың ерікті халық жасағы қатарына қосылады. Осы жасақтың бір бөлімінің партиялық бюросының хатшысы болады. Кейін кадрлық әскердің жеке ротасында комиссар болады. Ол бір жылдай қан майданда шайқаста болды. Жауынгерлер өздерін ерлікке жетелейтін, жауға деген ыза-намыс кегін оятқан комиссарларын өте құрметтейді.
Бас қолбасшының ғылыми қызметкерлерді әскер қатарынан босату бұйрығының шығуына байланысты Кәрім Мыңбаев та аяқталмаған ғылыми жұмысын жалғастыру үшін әскерден босатылады. Соғыс басталар алдында Алматы қаласында үкіметтің қаулысымен Академияның филиалы құрылады. К. Мыңбаевқа Қаз ССР-нің мемлекеттік жоспарлау комитетінің төрағасының орынбасары қызмет ұсынылады, сонымен қатар ВАСХНИЛ-дің Қазақ филиалының докторантурасында оқиды.
Үш жылдай төккен еңбектің арқасында биология ғылымдарының докторы дәрежесін алып берген үлкен монографиясын қорғайды. 38 жасында Кәрім Мыңбаев қазақтан шыққан тұңғыш биология ғылымының докторы болады. Диссертациясын қорғаумен қатар баспаға «Кок-сагыз: новые особенности развития и новые методы селекции» атты кітабын тапсырады.
1944 жылы үкімет К. Мыңбаевты Бүкілодақтық Академияның Қазақ филиалының басшысы етіп тағайындайды. Осы жерде оның ұйымдастырушылық дарыны көрінеді. Өзі филиалды басқарған төрт-ақ жыл ішінде ғылыми зерттеулер шегін кеңейтеді. Оның ұсынысымен ауыл шаруашылығын механикаландыру және электрлендіру институты және республикалық Бетпақдала тәжірибе станциясы құрылған.
К. Мыңбаев 35 ғылыми еңбектің, оның ішінде 3 монографияның авторы. Бетпақдаланы игерудің үлкен білгір маманы. К. Мыңбаев Қазақстанның ауыл шаруашылығын көтеру, дәнді дақылдардың шығымын арттыру, әсіресе бидай өнімін, сонымен қатар олардың солтүстік Қазақстанда себуді дамыту мәселелерін шешуге белсене араласты.
1948 жылдың 30 қыркүйегінде, небәрі 42 жастағы Кәрім Мыңбаев қайғылы қазаға ұшырады. Бір топ ғалымдармен бірге әуе апатынан қайтыс болады.