top of page

     Жазушы, аудармашы, ғалым, филология ғылымдарының докторы С. Талжанов 1906 жылы 6 қыркүйекте Қарағанды облысы Нұра ауданының Захаровка селосы маңында Тоқтамыс деген жерде (қазіргі Ақмешіт ауылы) дүниеге келген.  Әкесі Омардың жеті ұлының ең кенжесі болған Сәйділ әуелден оқуға деген зейінімен көзге түседі. Ол Әшім ағасының қолында тұрып, орысша сауатын ашады. 1931 жылы Ташкент қаласындағы Ортаазиялық мемлекеттік университетінің шығыс тілдер факультетін бітіреді. 1934 жылы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін (ол кезде ҚазПИ) бітіреді.

    Ол әр жылдары Қазақ КСР халық ағарту комиссариатында, ауыл шаруашылық институтында,  көркем әдебиет баспасында қызмет еткен.

    Сәйділ Талжановтың жазушы ретінде жазған алғашқы шығармасы «Сералы» повесі.  Жазушылық шеберін көрсететін шығармалары -  «Сейфолланың Сәкені», «Ұлдай кегі» повестері. «Степной сокол» кітабында Сәкен Сейфуллин  бейнесі жан-жақты суреттелген.

    Сәйділ Талжановтың жазушылық өнерінің шарықтау шағын көрсететін тағы бір сала – аударма саласы. Ол саналы өмірінің көбін осы салаға арнаған. М. Горькийдің, Ф.М. Достоевскийдің, И.А. Крыловтың, А.С. Пушкиннің, И.С. Тургеневтің, Н.А. Добролюбовтың шығармаларын,  атақты «Кәлилә мен Димна» көне үнді халқының арабша өнегелі әңгімелер жинағын қазақшаға, С.Сейфулиннің «Тар жол тайғақ кешуін», Б. Майлиннің, М. Әуезовтің шығармаларын  орысшаға аударған.

    Аудармамен айналысып жүріп, С.Сейфулиннің «Қызыл ат» поэмасын аударған кезі 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін тұсына келеді.  Сол үшін 19 жыл Колымада (1937-1956) айдауда болады. Айдауда болғанда да жаратылысынан әңгімешіл, оқығаны көп Сәйділ Талжанов түскі ас, жұмысқа бара жатқан кез, жатар алдағы шамалы уақыттарда қасындағыларға қызықты әңгіме айтумен өткізеді.

    С.Талжанов өзінің жинақтаған мұрасының басын қосып қазақ аударма ғылымына, тарихына өзгерістер енгізетін ғылыми еңбектер де жазған. «Көркем аударма туралы» еңбегі үшін филология ғылымдарының кандидаты атағына қол жеткізсе, «Аударма және қазақ әдебиетінің мәселелері» деген еңбегі  докторлық дәрежеге жеткізді.  Ғылыми жұмыстар аударма тарихынан жан-жақты мағлұмат, жаңа талдауларды ұсынады.

      С.Талжановтың өмірбаянын орыс тілінде оқығыңыз келсе төмендегі сілтемені басыңыз:

Сайдиль Талжанов: биография.-http://nuralib.kz/ru/nura_liter_2

bottom of page