Жағасында Нұраның
Жер бар,
Аты - Көкмөлдір,
Болғанмен бірі жыраның,
Суы қандай мөп-мөлдір!...
Бүркіт (шын есімі Бейісбек) Ысқақұлы 1924жылы Қарағанды облысы Нұра ауданы Көкмөлдір ауылында туған. Жастайынан тілі бай, өзіне тиіскен немесе жәбірленген басқаны қорғап, бойына, әліне қарамастан бүркітше қайсар болғандықтан әкесі Ысқақ оны «бүркіт» деп атап кеткен. Білімге деген құштарлығы арқасында Бүркіт Ысқақұлы 1940 жылы Қарағандының екі жылдық мұғалімдер институтына келіп оқуға түседі.Ол 1942 жылы институтты бітіргеннен кейін әскер қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыс аяқталысымен туған жеріне оралып, "Орталық Қазақстан"газетінде қызмет атқарған кезден ол өзінің қаламгерлік қабілетін айрықша таныта бастайды. 1948 жылы қызмет істей жүріп, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетін, 1951 жылы Ұлттық Ғылым академиясының аспирантурасын бітіреді. 50 жылдары Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын бір топ жастар сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы "ЕСЕП", яғни "Елін сүйген ерлер партиясын" құрады. Партияның іс - әрекеті ел ішінде кең тарамаса да, 37-нің ызғары басылмай тұрған сәтте мұндай әрекетке барудың өзі ерлікпен пара-пар дүние болатын. 1951 жылы жаппай қудалау мен қуғын тұсында Қазақ республикасының Жоғары соты РСФСР қылмысты істер кодексінің 58 бабының 10-11 тармақтары бойынша Б. Ысқақұлын, М. Теміровты, Айтбай Нарешевті«Үкіметке қарсы үгіт таратып жүр» деген жаламен жазықсыз тұтқынға алынып, жиырма бес жылға соттап, қосымша 5 жылдық адамдық құқықтан айыру туралы үкім шығарады. Сонымен бес-алты жыл бойы лагердегі ауыр азапты бастан кешіп, қылмыстары кешіріліп, 1956 жылы елге оралады.
Ақынның шығармалары негізінен 1938 жылдан бастап баспасөздерде жарық көре бастады. Оның алғашқы шығарған «Ақын болғым келеді», «Ана туралы жыр» деген өлеңдері бірінші рет «Қарағанды комсомолы»
газетінде жарияланды. Ақынның тұңғыш өлеңдер жинағы "Сенің Отаның" 1958 жылы жарыққа шықты.
Қарғандылықтардың еңбектегі ерліктерін жырлайтын «Жылдар жырлайды», «Шабыт шуағы», «Өлеңді жылдар», «Шындық дауысы» деген поэзиялық жинақтары жақсы бағаға ие болды.Сонымен бірге Бүркіт Ысқақұлы «Қазыналы Қарағанды», «Арқаның алып жүрегі», «Нұрлы Нұра бойында» көркем очерктердің авторы. Ақын аудармашы ретінде де белгілі. Ол А.С. Пушкин, М.Ю. Лермонтов, В.В Маяковский, И. Франков, Назым Хикметтің, Самед Вургуннің, Сайфи Құдаштардың шығармаларын қазақ тіліне аударуға қатысты.
Бүркіт Ысқақұлының өлеңмен жазған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» деген аңызы бойынша 1966 жылы қазақтың тұңғыш мультфильмі жасалды. Режиссер Әмен Әбжанұлы Хайдаровтың тұңғыш жасап шығарған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі бүгінгі күні әлемнің 48 елінде көрсетілген. Ол алғаш рет Ленинградта өткен ІІІ Бүкілодақтық кинофестивальде марапатталса, 1975 жылы Нью-Йоркте өткен Халықаралық кинофестивальде қола Праксиноскопқа ие болған.
Ал әдебиетті зерттеу саласында «Қазақ – театр әдеби байланысы» және «Қазақ – башқұрт әдебиет қатынастары тарихынан» тақырыптарында монографиялар жазды. «Қазақ әдебиетінің Жайық жағасында тұратын халықтар» творчесвосымен руханибайланыстары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғауына санаулы күн қалғанда, 1991 жылы дүниеден өтті. Бүркіт Ысқақұлы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ұлы Отан соғысы орденінің, көптеген жауынгерлік медальдардың иегері болып, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бүркіт атамыздың екі ұлы болған. Екеуіде дүние салған. Сырымнан екі қыз, бір ұл бар. Қарағанды қаласында тұрады. Жәнібек Сырымұлы кәсіпкер. Қыздары Тоқжан , Шолпан әр түрлі салада қызметте. Аналары зейнеткер. Ал Бүркіт Ысқақұлының Айгүл, Назым есімді қыздары зейнеткерлер. Назымның жолдасы Арыстан Жанатайұлы Шарденов қайтыс болған. Олардың жалғыз қызы Мадина, тұрмыста 4 баласы бар.
Айгүл Бүркітқызы Қарағанды Мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультеті орыс тілі және әдебиет бөлімін бітірді. /1966-1970 жж/. Қарқаралы қаласындағы мектепте мұғалім болған. 1972 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан Мемлекеттік телевидение және радио комитетінде редактор болып, 35 жыл қызмет атқарды. 2005 жылы зейнетке шықты. Зейнетке шыққан кейін атасының, әке- анасының шығармаларын жарыққа шығарумен айналасты. Бүгінгі күнде Алматы қаласында тұрады.